28 Сәуір 2024

Азаттық тілшісімен өз қалауы бойынша жолыққан, өзін дәстүрлі емес діни топ мүшесі деп санайтын ақтөбелік келіншек діни азшылықтың көпшілікке беймәлім өмірі туралы айтып берді.

Гүлфайруз Азаттыққа сұқбатты біресе автокөлік салонында, біресе кісі қарасы аз кафеде бермекші болып, шешімін сан мәрте өзгерткен болатын. Ақыр соңында ол тілшімен Ақтөбедегі шағын кафелердің бірінде жолықты. Сұхбат барысында есік жаққа қайта-қайта қарағыштап отырып басынан өткен жайттарды баяндай бастады.

НИҚАБТАН – ХИДЖАБҚА

 Ниқабын шешкен мұсылман әйел Гүлфайруз Азаттық радиосына берген сұхбатында Мысырдағы "Әл-Азхар" университетінде білім алғысы келетінін айтты.

Осыдан 5 жыл бұрын Атыраудың базарында ойыншық сатып тұрған Гүлфайруздың өмірі ақтөбелік Хамзаны кездестіргеннен соң күрт өзгеріп шыға келген. "Ақша жинап, оқуға түссем" деген арманын ұмытып, тұрмыс құрады да Ақтөбеге қоныс аударады.

Алғашында қарсылық көрсеткенімен кейін күйеуінің өтініші бойынша ниқаб киіп, "такфиршілік бағытындағы" уағыздарына ден қоя бастайды. Телевизор қараудан, радио тыңдаудан да тиылады. Бірақ мұндай тақуалыққа қатысты күн сайын күмәні қалыңдай береді.

"Мен өзімнің де, күйеуімнің де діни білімінің шалалығын іштей мойындайтынмын. "Жиһад", "харам", "ширк" секілді мәселелерге қатысты іштей қарсылығым да болды. Бірақ, оны күйеуімнен өзге ешкімге айтқан емеспін. Ал оның құлақ асқысы келмеді. "Діни білім алғым келеді" деген қалауыма да қарсы шықты. Мен айтқанымнан қайтпадым. Ақыры ажырасып тындық", – деп мұңайды отыздардың үстіндегі қараторы келіншек.

Гүлфайруз өз әңгімесінде 4 жыл бойы "ниқаб" кигенін айтады.

Ері "талақ" еткен (шариғат бойынша ажырасқан – ред.) соңғы бір жылда Гүлфайруз ниқабын шешіп, хиджаб киіп жүр. Әйтсе де ескі әдетінше көзін төмен түсіріп, жүзін қолымен көлегейлей береді.

"Бір-екі рет ниқабпен Ақтөбедегі "Нұрғасыр" мешітіне барғанымда кіргізбей, кері қайтарып жіберген еді. Содан бері ол жаққа аттап басқаным жоқ. Ниқаб киетін ухтилардың (кейбір мұсылмандық топтардың әйел мүшелері бір-бірін осылай арабша атайды, мағынасы – "әпке я сіңілі" – ред.) қай-қайсы да қазір мешіттерге кіре алмайды", – дейді Гүлфайруз.

"Үйде де ниқаб киюші ме едіңіз?" деген сауалына Гүлфайруз "жоқ" деп жауап берді. Оның айтуынша, "ухтилардың" барлығы күйеуімен оңаша қалғанда боянып, сыланады, түрлі пеньюар киіп, шаштарына сәнді пішін жасайды. Бірақ Гүлфайруздың ұғымында, некелі жарынан өзге еркек дін жолын ұстанатын әйелдің мұндай жеке өмірдегі әдемілігін көрмеуі керек.

"АХИЛАР" МЕН "УӘЛИЛЕР"

Егер ер адамның өзге әйелге көңілі кетіп, көзі түссе, күнә арқаламас үшін оған үйленуге міндетті деп есептейді ол. Мұндай жағдайда діни топтың ер мүшелері некелі жарын талақ етіп кете беруі мүмкін. Гүлфайруз атын атағысы келмеген өзі танитын бір "ухтидың" осылайша 4 мәрте тұрмыс құрғанын айтты.

"Бір жақсысы – ері талақ еткен әйел діннен кетпейді. Оның бала-шағасы да, өзі де "ахилардың" (діни топтың ер мүшелері – ред.) қамқорлығында болады", – дейді Гүлфайруз.

Гүлфайруз ақтөбелік күйеуінен ажырасқалы бері оған "уәли" тағайындалғанын айтады. Гүлфайруздың сөзінше, "уәли" дегеніміз – өз бетінше шешім қабылдауға хақы жоқ мұсылман әйел затының қамқоршысы.

Қыз-келіншектердің әкесі, не туған ағасы болған күннің өзінде олар дін жолын ұстанбаса, уәли бола алмайды.

Мысалы, менің өз уәлиіммен ет жақын туыстығым жоқ, – дейді Гүлфайруз. Оның айтуынша, күйеуі талақ еткен соң, Гүлфайрузға тағайындалған уәли – балалы-шағалы адам. Оның түсіндіруінше, дін жолында жүрген қыз-келіншектердің болашақ жарларын "уәлилері" таңдайды. Олар үшін маңызды басқа да шешімдерді "уәлилері" қабылдайды.

Гүлфайруз ақтөбелік такфиршілердің өзі мүше діни қауымдастығында қанша адам барынан бейхабар. Білетіні – қауымдастық мүшелері ай сайын кісі басына 3 мың теңгеден садақа жинайды. Ақтөбедегі жеке компаниялардың біріндегі жұмысы үшін 30 мың теңге жалақы алатын Гүлфайруз садақа беруден ешқашан бас тартып көрмеген. Өйткені өзі "ухти" деп атайтындардың арасында не жұмысы, не асыраушысы жоқ әйелдердің көптігін жақсы біледі.

Ай сайын 3 мың теңгеден жиналатын қаржы дін жолын ұстанатын мұқтаж шаңырақтарға тиесілі. Оның білуінше, өткен Құрбан айт мерекесі кезінде 800 мың теңге жиналған. Оны "ахилар" Ақтөбе қаласы мен басқа үш аудандағы мұқтаж мұсылмандарға бөліп берген.

"Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді. – Біздің "тәкеңдер" ғана емес, "мәкеңдер" мен "сәкеңдер" де (орысша "такенские, сакенские и макенские" деді – ред.) солай етеді. Яғни мұқтаж шаңырақтар үшін қаржы жинайды", – деді Гүлфайруз. "Тәкең, Мәкең, Сәкең деген кімдер?" деген сауалға ол "такфиршілер, мадхалишылар мен салафилер" деп жауап берді. Бұл үш топты да Қазақстан билігі мен "ресми исламды" насихаттаушы ҚМДБ "дәстүрлі емес" деп сипаттайды.

Гүлфайруз өзі ұстанатын діни бағыт мүшелерін "агрессивтік, кертартпа және жиһадты қолдаушы" деп сипаттайтындарға үзілді-кесілді қарсы. Ол өзі танитын діни топ мүшелерінің әртүрлі екенін, ішінде өзі құсаған терең діни білім алғысы келетіндердің де бар екенін айтады.

"Арманым – Мысырдағы "Әл-Азхар" университетінен білім алу. Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді. Аллаһ қаласа, ол арманыма да жетермін", – деді Гүлфайруз әңгімесінің соңында.

Азаттық тілшісімен қоштасарда жан-жағын асықпай барлап алды да, жылдам басып әп-сәтте көзден ғайып болды.

 Азаттық радиосы

 

 

Ақтөбе қаласында осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген Иегово куәгерлерi ұйымы құзырлы орган қызметкерлерінің тексерісінен кейін заңсыз деп танылды.

Тiркелмеген діни ұйым мүшелері көп жылдан берi Ақтөбедегi Бірінші кәсіподақтар үйiнде заңсыз жиналыстарын өткізіп, көшелерде өздерiнiң дiни кiтаптарын таратып, қалалықтарды өз топтарына тартқан. Тiптi, қала тұрғындарының арасында өздерiнiң үйiн, дүние-мүлкiн тiкелей мұрагерлерiне емес, Иегово куәгерлерi азаматтарының атына ауыстырып берген жағдайлар да орын алған.

Аймақтағы әдiлет департаментiнің мамандары Бірінші кәсiподақтар үйiнде өткен жиындарды Польшадан келген миссионер заңсыз ұйымдастырғанын анықтады. Соттың шешiмiмен жат ағымды насихаттаушы шетелдікке 173 мың теңге көлемiнде айыппұл салынып, елден алыстатылды. Департаменттiң баспасөз орталығының мәлiмдеуiнше, облыста сонымен қатар 15 дiни бiрлестiк заңсыз деп танылып, шекарадан асырылған.

e-islam.kz

 

 

Астана. 13 желтоқсан. Baq.kz - Жанынан безіп, өзін өлімге қиған адамдар күнәһар болып, тозаққа тасталады. Осындай мәлімдеме жасаған Сауд Арабиясының бас мүфтиі, шейх Абдулазиз Әли-Шейх суицидтің (адамның өзіне-өзі қол жұмсауы) арғы дүниеде тигізер зиянын айта келіп, мұндай жат әдеттің асыл дінімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын тілге тиек етті, деп хабарлайды muslim.kz. 

Сондай-ақ, саудиялық дін қайраткері ақыл-есті алатын дәрі қабылдаған адамның жақсылықты жамандықтан айыра алмайтын күйге түсетінін де жасырмады. «Мұны исламның жаулары мен дін дұшпандары іске асырады. Олар осылайша мұсылман жастарының бастарын айналдырып, өздерінің пасық пиғылына пайдаланады», - деді ол сөзін толықтырып.  

 

 

    Сионистер палестиналықтардың мүддесіне нұқсан келтіру мақсатында тек саяси қитұрқылықтарға барып, әскери операцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен бірге, діни мәселелер бойынша да қысымға алуға көшті. Әл-Құдыста өткен «Сабил» атты палестиналық христиандардың экумендік қорының конференциясында ғалымдардың көбісі осындай мәлімдеме жасады. Аталмыш қор Палестинаны азат етуге қатысты түйткілді мәселелермен Інжіл тағылымын ұштастыратын дінтанушы ғалымдардың басын қосатын іргелі ұйым болып табылады.

Палестиналық зерттеуші Иохан Катаначоның айтуынша, сионистер палестиналықтарға қарсы діни мәселелер бойынша да соққы беруге көшкен. «Киелі жазбаның бір ғана бұрыс түсіндірмесінің өзі жүздеген лаңкестің әрекетінен де жаман,- деп санайды ол. – Израилдіктер Інжілді өз саяси мақсаттарына пайдаланып бағуда. Олар палестиналықтарды Көне өсиетте сөз болатын, ежелгі иудейлердің бітіспес жауы ханандықтар мен филистимдіктердің тікелей ұрпағы деп біледі». Өкінішке қарай, палестиналық арабтардың дені осы жердің қожасы екенін дәлелдеу үшін еврейлердің бұл тұзағына өздері барып түсіп жатыр. «Егер сіз атаңыздан немесе әжеңізден қалған үйге заңды мұрагер ретінде ие болсаңыз, осы жерде атам заманнан бері тұрып келе жатқаныңызды дәлелдеуді соншалықты қажет етпейді»,- деді ол ашына тіл қатып.

Осы жиында баяндама оқыған америкалық христиан ғалымы Гэри Бредж де Таяу Шығыста, ең алдымен Палестина мен Израиль жанжалында Інжіл сионистердің қаруына айналғанына өкініш білдірді. Сондай-ақ, ол «христиан сионистердің» барын тілге тиек етті. Израилдің жүргізіп отырған саясатын сөзсіз қолдайтын АҚШ-тағы христиан-протестанттар қозғалысының өкілдері Інжілде айтылған осынау Құдайдың үкімін орындауды парызымыз деп біледі.

«Шындап келгенде, олардың бұл әрекеті христиандардың дәстүрімен үш қайнаса сорпасы қосыылмайды. Алайда, АҚШ-тағы және Батыс елдеріндегі христиандардың дені осы жаңсақ ұғымның жетегінде жүр»,- деді ол сөзінің соңында.

 

 

Page 1 of 46