14 Мамыр 2024

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы мен ҚМДБ Орталық аппарат қызметкерлерінің және өкіл имамдардың қатысуымен төралқа мәжілісі өтті. Бас мүфти жүргізген басқосуда 17 мәселе талқыланып, дауысқа салынып, пысықталды, арнайы тапсырмалар берілді.

Рамазанға дайындық шаралары пысықталды

 Биыл діни басқарма мұсылмандардың ұлық айы – Рамазанды жоғары деңгейде өткізу мақсатында тың бастамалар мен іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлады. Төралқа мәжілісінде Бас мүфти жергілікті құзырлы мекеме басшыларымен келісе отырып, көпшілік, қоғамдық орындарға, көшелерге, мешіт аулаларына, автобустарға «Ораза қабыл болсын!» деген атаумен бірегей баннерлер, билбордтар, плакаттар ілуге, халықтың ораза ұстауға деген қызығушылығын, ықылас-ниетін оятатын кітапшалар, бүктемелер (буклет), парақшалар (брошюра), оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақ-жауап кітапшаларды, т.б. тегін таратуға тапсырма берді. Халқымыз Рамазан – мұсылмандардың ұлы мейрамы екенін сезіну үшін мешіт аулалары, ғимарат маңдайшалары мерекелік әшекейлермен, нақыштармен және электрлік шамдармен безендіріледі. Мешіт жамағатына, түрлі сала мамандарына, зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер қауымы, өнер адамдары, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер, т.б. мемлекеттік қызметкерлерге ауызашарлар жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады. Түрмелерде, жетімдер, қарттар үйінде қайырымдылық шаралары өткізілмек.

 Ержан қажы Малғажыұлы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасындағы балаларды назардан тыс қалдырмай, оларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен мүмкіндігінше толық қамтамасыз етуге пәрмен берді.

Әлеуметтік желілерде әлеуетіміз артпақ

ХХІ ғасыр – технологияның, ақпараттың дамыған заманы. Талқылауда ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс істеу бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров имамдарды фэйсбук (facebook), туиттер (twitter) сынды әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға шақырды. Өйткені, ақпарат кеңістігін ғибратты насихаттармен, көркем уағыздармен толтырмасақ, сананы улайтын, адамды надандыққа итермелейтін материалдар жарияланып қалуда. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында әлеуметтік желілерді ел игілігі, ізгі мақсаттар мен ұлы мұраттарға пайдалану көзделіп отыр. Имамдардың интернетті пайдалануы – уақыт талабы. Бас мүфти барлық мешіттерді компьютермен, интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін қаперге салды. Сонымен қатар өңірлерде ашылған сайттардың жұмыс істеу қарқынын арттыру мәселесі де дөңгелек үстелде сөз болды. Өйткені, жастардың басым бөлігі сайттардан мәлімет алады. Тіпті сайт арқылы сабақ алып, иман жолына түсіп жатқандар да көп. Керісінше, сайтани сайттардан санасы уланып, дін мен дәстүрді қарсы қойып, ел ішіне іріткі салып жүргендер де аз емес. Бас мүфти Исламға қайшы, діни басқарманың ұстанымына сай келмейтін жаңалықтардың мазмұнына мән беруді тілге тиек етті.

 

Республикалық Құран жарысы өтеді

 Биыл діни басқарма қарилардың республикалық Құран жарысын өткізеді. «Бұл – үлкен игілікті шара», – деді Бас мүфти. Аймақтан іріктелген қарилар республикалық жарыстан бақ сынайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болмақ.

Шәкірттердің саны мен сапасы артады

 Жастармыздың дін атын жамылған керітартпа ағымдардың арбауына кетіп қалмауын қамтамасыз етудің негізгі жолы – шәкірт тәрбиелеу, діни ағарту, түсіндіру жұмыстарын жандандыру. Осы бағытта медреселер мен «Нұр Мүбәрак» университетінде тәрбиеленіп жатқан шәкірттердің саны мен сапасын арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар Бас мүфти мешіт жамағатына да жүйелі дәріс беруді тапсырды. «Егер біз өз шәкірттерімізбен шектелмей, мешіт жамағатына да жүйелі сабақ беретін болсақ, мұсылман қауымын діни басқарма, мешіт төңірегіне топтастыруға, мұсылмандардың ауызбірлігін нығайтуға мүмкіндік аламыз», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Уағыз-насихат күшейтілмек

 Елімізде жат ағымдардың алдын алу мақсатында уағыз-насихат тобы құрылды. Бұл насихат тобы өңірлеріміздегі уағыз айтып, діни ахуалды көзбен көретін болады. Оның құрамында елімізге белгілі дінтанушылар, ғалымдар, имамдар бар. «Уағыз-насихатты күшейту – маңызды жұмыстарымыздың бірі. Осы мәселеге де жіті назар аударуларыңыз қажет», – деп қадап айтты Бас мүфти.

Түйін

 Төралқада бұдан бөлек қажылық сапарын ұйымдастыру, зекет қорының жұмысын жандандыру, медресе мен университет түлектерін жұмысқа орналастыру, жаңа ашылған мешіттерге ат қою, мешіт жамағаттарын арнайы діни курстан өткізу, сауапты істерді ұйымдастыру жұмыстары пысықталып, арнайы тапсырмалар берілді.

Астана. Baq.kz – Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Тарих бәрін сыйға тарта алады, бірақ ішкі еркіндіктің формасы ретіндегі тәуелсіздікті сыйға алуға болмайды. Тәуелсіздік – бұл тарих толқынында субъект болу құқығын түсінетін жә­не осы үшін жауап беретін халық болмысының бірден-бір формасы» деген болатын.

Тәуелсіздікті жалғастырудың басты ресурсы мемлекет пен оның көп­ұлтты және көпконфессиялы хал­қының біріге отырып, берік әрі бәсеке­ге қабілетті мемлекет құру және Мәң­гілік Ел қалыптастыру жолындағы ұлы мақсатқа өзінің материалдық және рухани мүмкіндіктерін жұмылдыра білуінде екендігін жас Қазақстанның 20 жылдан асқан тарихы көрсетіп берді.

Бүгінде бізге тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап өзіміз таңдап алған конфессияаралық келісім үлгісі тарихи өлшеммен алғанда осынша қысқа мерзім аралығында қоғамның тұрақты дамуына мықты негіз қалануын қамтамасыз етіп, заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қасқая қарсы тұруға мүмкін­діктер берді, әлемнің санаулы елдері қатарында экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты және қарқынды дамуға қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар.

Дін саласындағы таңдап алынған мемлекеттік саясат үлгісі өзінің сындарлылығының және қоғамдық қол­дауға ие болуының арқасында екі онжылдық бойы нық тұрып, әлемдік және қазақстандық сарапшылар қауымдастығы мойындағандай, радикалды жамағаттардың қылмыстық әрекеттерінің алдын алуда және оларды бейтараптандыруда шешуші рөл атқарды.

Әрбір өркениеттің түп негізінде өз ұстанушыларының өмір сүру мәнерін айқындайтын қандай да бір дін тұратындығы баршаға аян. Бұл, негізінен, мұсылман адамның тұрмыс-тіршілігінің барлық қырларын рет­тейтін ислам дініне көбірек қатысты. Ал осы мақалада «ислам және жиһадизм» тақырыбына назарымызды аударудың себебі – исламның қоғамды тұрақтандырушы фактор болып табылатын идеологиялық тәжірибесінің маңыздылығында болып отыр. Бұған қоса, мемлекетіміздің болашақ тұрақтылығын қарастыруда қазақстандықтардың басым көпшілігін құрайтын мұсылмандардың мүддесін ескермей жасақталған кез келген стратегия экстремистік көріністердің көбеюіне алып келуі мүмкін деп пайымдауға болады.

Ең алдымен, діни сауаты жоқ жастардың бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отырған­дығын атап айту қажет.

Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем «ислам аумағы» (дәр әл-ислам) және «соғыс аумағы» (дәр әл-харб) болып бөлінген. Біріншісіне мұсылмандар билігіндегі елдер, екіншісіне «дінсіз» билеушілер басқаратын елдер енеді. Терроршылардың сенімі бойынша «дәр әл-ислам» «дәр әл-харбпен» мәңгілік соғыс жағдайында болуы тиіс.

Сонымен қатар, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтар «бейбіт келісімдегі аумақ» (дәр ас-сулх) деген санаттағы тағы бір аумақты бөліп көрсетеді. Бұл мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін жерлер, бірақ оның билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің вассалы (боданы) санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық – «жиза» төлеуге міндетті.

Радикалдар, экстремистер мен террористердің түсінігінше, мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек. Осы үшін олар өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады.

Дегенмен, ислам дінінде «қасиетті соғыс» ұғымы жоқ екендігі белгілі. Ол – христиандық термин. Ал шариғат бойынша соғыс не әділ (қорғаныстық сипатта), не әділетсіз (жаулап алу сипатында) болуы мүмкін.

Мұсылмандық діни әдебиеттерде «жиһад» ұғымы «дін үшін күрес» деген түсінікке ие және ол мынадай формаларда жүргізіледі:

– «жүрек жиһады» немесе «нәпсіге қарсы жиһад» – адамның өз бойындағы кемшіліктермен күресі;

– «тіл жиһады» – «жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю»

– «қол жиһады» – адамгершілік нормаларын бұзушыларға қатысты тиісті жаза қолдану.

«Жиһад» діни термині қасиетті Құранда төрт рет кездесетінін атап өтеміз.

1). «әт-Тәуба» сүресінің 24-аятында: «Оларға айт: «Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарың, тоқтап қалудан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, оның жіберген Пайғамбарынан әрі оның жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды» делінген.

2).«әл-Фурқан» сүресінің 52-аятында: «Енді кәпірлерге бағынба және олармен Құран арқылы ұлы күрес жүргіз» деп айтылған.

3).«Қажылық» сүресінің 78-аятында: «Алла жолында шынайы түрде күресіңдер. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер және Алладан мықтап ұстаңыздар. Ол – сендердің Иелерің» делінеді.

Бұл аяттарда жүрек жиһады туралы айтылып отырғаны айдан-анық. Мұхаммед пайғамбарымыз жиһад туралы айтқанда «жиһадтардың ең ұлысы – адамның өз нәпсісіне қарсы жиһады» деген. Бұл нағыз иманды адам ең алдымен өз жандүниесіне үңіліп, кемшіліктерін көре білуі керек, содан кейін өзінің барлық кемшіліктерін түзетуге ұмтылуы тиіс дегенді білдіреді.

«Тіл жиһадының» мағынасын қазақ халқының ұлы ойшылы Абай өзінің «Ғылым таппай мақтанба» атты тамаша туындысында баршаға түсінікті тілде жеткізе білген:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

4).«Мумтахина» сүресінің 1-аятында: «Әй, иман келтіргендер! Менің дұшпандарымды да, өз дұшпан­дарыңды да дос тұтпаңдар. Олар сендерге келген шындыққа қарсы келсе де, оларға сүйіспеншілік көр­сетудесіңдер. Олар Пайғамбарды да, сендерді де Жаратқан Иелерің – Аллаға иман келтірдіңдер деп жұрттан қуғындады. Сендер Менің жолымда ризалығымды іздеп, соғысқа шыққанда, оларға жасырын дос болмаңдар» делінеді.

Әрине, Құран мәтіндерін бірінші рет оқып отырған адамға «пұтқа табынушыларды» өлтіруге шақырып тұрғандай көрінуі мүмкін. Оның үстіне бұл аяттың мән-мазмұнын дұрыс түсіну үшін қасиетті Құрандағы «жиһад» тақырыбына арналған басқа аяттарды да білген жөн. Сонымен қатар, аяттардың не себептен түскендігін білу де абзал. Сондықтан, Құран аяттарын дұрыс түсіну және мағыналарына ой жүгірту үшін ол аяттардың қай уақытта және қандай жағдайларға байланысты Алла тағаладан Жебірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға жеткізілгенін білу қажет. Бұл нақты оқиғаларға қатысты түсірілген аяттарды тым кең мағынада жорымау үшін, сонымен қатар оларға теріс немесе екіұшты мағынадағы түсініктер бермеу үшін қажет.

Шын мәнінде Құранда «жиһадқа» қатысты аяттардың шығу төркінін зерттеу үшін ең алдымен Мұхаммед пайғамбардың Меккедегі өмірі мен қызметі туралы баяндайтын тарихи деректерге көз жүгірту қажет.

Баршаға белгілі, 613 жылы Мұхаммед пайғамбар Мекке тұрғындарын ислам дініне ашық шақырып, өз достары мен туыстары және Меккенің өзге де тұрғындары арасынан көптеп жақтастар таба бастады. Олардың басым көпшілігі бас бостандығынан айырылған құлдар болатын. Ал исламның кең тарала бастауы Мекке билеушілеріне ұнай қоймады, өйткені, олар Қағбаға тәу ететін араб тайпаларының қажы­лықтарынан түсетін кірістен айырылып қалудан қорықты. Пұтқа табынушылардың бұл наразылықтары алғашқы мұсылмандарды қуғындауға ұласып, соның салдарынан бірқатар мұсылмандар 615 жылы Эфиопияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Осынау алғашқы мұсылмандар үшін қиын-қыстау кезеңде Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға мыналарды әмір етті:

1). «меккелік көпқұдайшылдармен» кикілжіңге түспей, оларды ақиқат дінге «даналықпен және жақсы насихатпен» шақыру. Осы жағдайға байланысты «ән-Нахл» сүресінің 125-аятында: «Адамдарды Жаратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Әрі олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тап­қандарды да жақсы біледі» делінген.

2). Ислам дұшпандарымен қорғаныс түрінде соғыс жүргізу. «Бақара» сүресінің 190-аятында: «Өз­деріңмен соғысқандармен Алла жолында шайқасыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» делінген.

Келтірілген аятта Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға өзіне қарсы шыққандармен тек қорғану үшін күресуді бұйырады. Бұл «Бақара» сүресінің 192-193-аяттарында нақтылана түскен: «Олармен райларынан қайтқанға дейін, әрі дін Аллаға тән болғанға дейін шайқасыңдар. Егер олар соғысуын қойса, Алла оларды жарылқайды, мейіріміне алады. Жау жеңілгеннен кейін залымдармен ғана ымырасыз күресу керек».

Құранның осы аяттары қорғану және қорғансыздар мен әлсіздерді қорғау мақсатында ғана соғысу қа­жеттігін меңзейді. Онда да тек дінбұзар жаулармен және оның ашық одақтастарымен соғысуға рұқсат етілген. Сондықтан қарулы соғысқа тыйым салынғанымен, Мұхаммед пайғамбарға және оның жақтас­тарына туып-өскен шаһары – Меккеде соғыс жүргізуге тура келді. Мұндай жағдайда діншілдерге ыжда­һатты болып, дін үшін күш-жігерін жұмсау бұйырылған. Алғашқы мұсылмандардың жоғарыда келтірілген аяттарға берген түсініктемелері оларды осылай түсіну керектігін меңзейді.

Көріп отырғанымыздай, «жиһад» сөзінің осы аяттағы мағынасы ең жинақталған мағынасы болып табылады. Әртүрлі кезеңдерде өмір сүрген Құран тәпсіршілері «жиһадтың» мағынасын «соғыс» деген түсінікпен шектемеген. Бізге, яғни XXI ғасырда өмір сүріп жатқан мұсылмандарға үмбетіміздің алғашқы буыны исламды қалай түсінгенін білу және дәл сондай түсінікті ұстану қажет.

Бірде Мұхаммед пайғамбарға бір адам келіп, соғысқа баруға рұқсат алмақ болады. Мұхаммед пайғамбар одан: «Ата-аналарыңның біреуі тірі ме?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Екеуі де тірі» деп жауап береді. Мұхаммед пайғамбар: «Сен Алланың сауабын іздеп жүрсің бе?» деп сұрайды. «Иә» дейді ол. Сонда Мұхаммед пайғамбар: «Ата-анаңа бар да, оларға дұрыс қара» деп бұйырады.

Ол кезеңде Мұхаммед пайғамбардың өкімі бойынша әскери шайқастардан кәмелеттік жасқа толмағандар, әйелдер, қариялар, ақыл-есі толық еместер, науқастар мен әлсіздер, сондай-ақ шайқасқа қатысуға өз ата-анасынан рұқсат алмағандар босатылды. Сонымен қатар, басқыншы жауға тойтарыс беріп, майдан шебі дұшпанның жерінде болғанда, ол жерлердегі егін алқаптары мен бау-бақшаларды жоюға да тыйым салынған болатын.

Жоғарыдағы айтылғандарды қорытындылай келе, мұндай жан-жақты талдау Пайғамбарды үлгі тұтатын сүннет жолындағы мұсылмандарға әсер етуі тиіс, қазіргі мұсылмандар ислам заңдылықтарына сай шешім шығару үшін тұтас мәтінге ерекше назар аударғаны жөн деп санаймыз.

Тағы бір атап айтарымыз, Құранға оның толық мәтіні мен аяттарының түсу тарихын білетін ғалымдар ғана дұрыс түсіндіре алады. Осы ретте 2012 жылы 25-27 мамыр күндері Мәскеуде, одан кейін Грозныйда Ресей, Кувейт, Қатар және басқа да мұсылман елдерінің белгілі дін қайраткерлерінің ұйымдастыруымен «Ислам доктринасы радикализмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізілгенін атап өткім келеді.

Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда былай делінген: «Исламдағы «жиһад» сөзі көптеген жан-жақты мағынаға ие. Жиһад «ұрыс жүргізу» және «қарсыласқа қару қолдану» мәнінде ғана түсінілмеуге тиіс. «Жиһад» ұғымын тек ұрыс жүргізумен шектеп, жиһадтың Алла жолында жасалатын басқа игі амалдарын ескермей тастау дұрыс емес. Мұндай қадам жалған жала мен орынсыз ойларға жетелейді. Жиһад Алла жолында жасалады және ол бүлікке айналмауы керек. Жиһадтың ізгі мән-мақсаты осында жатыр. Жиһад адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы болып табылады».

Жиһадқа мұндай түсінік берілу себебі – бұдан бір жыл бұрын дін ғұламалары тарапынан арнайы тұжы­рымдама жасалып, оның мәні мен мазмұны жиһадты «жойқын жоба» немесе «кек алу жоспары» ретінде санамайтын мұсылман дінінің өркениеттік сипаты мен миссиясына сәйкестендірілгендігінде. Исламның өзі әділетсіздіктің кез келген көрінісіне жол бермейді. Жалпылай алғанда, жиһадты «адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы» ретінде тану оның ешбір жалған қоспасыз, шынайы сипатын білдіреді.

Осыған байланысты айтылған Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Рафил Гайнутдиннің мына тұжы­рымы атап айтуға тұрарлық: «Жекелеген экстремистік жалған исламдық топтардың жиһад жөніндегі тү­сіндірмелері, сондай-ақ кейбір БАҚ-тың жиһадты «кәпірлерге қарсы соғыс» ретінде түсіндіруі жалған әрі Құран мен сүннетке қарама-қайшы болып келеді. Өйткені, соғыс арқылы өз дініне кіргізу өзгенің мүлкін иелену секілді исламда мүлдем жол берілмейтін жайттардың қатарынан саналады».

Қоғамымызда кеңінен таралған «жиһад» туралы жаңсақ түсініктің қасаң қателіктерін жоққа шығару үшін мынадай маңызды жайтқа да баса назар аударғым келеді. Ислам терминологиясында «жиһад» сөзі Алла жолындағы күрес, яғни Алланың әміріне сәйкес өмір сүру үшін мұсылмандар тарапынан жасалатын іс-әрекет мәніндегі жалпылама мазмұнда қарастырылады. Бұған Алла тағаланың Құранда айтылған сөздері дәлел: «Шынайы иман келтіргендер – шын мәнінде Аллаға және оның Елшісіне сенгендер, сосын күдіктенбей, Алла жолында мал-жанын сарп еткендер. Міне, солар – шыншылдар» («әл-Хұжырат» сүресінің 15-аяты).

Осындай алғышарттардың шынайылығы мен маңыздылығымен қатар Құранда да, ислами әдебиетте де араб тіліндегі «жиһад» сөзінің мағынасы «тырысу», «талпыну», «бар күшін салу», «мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды табандылықпен көтере білу» дегенді білдіретінін, ал қазіргі заманауи түсінікте бұл ұғым мүлде басқа: «Алла жолында малы мен жанын аямау, Алла жолында тер төгіп, қызмет ету» секілді терең және ізгі ұғымға ие екенін атап айтқан жөн.

Құранға сәйкес «жиһад» ұғымы адам өмірінің көптеген қырларына әртүрлі деңгейде қатысты болып табылады. Қазіргі таңда мұсылман әлемінде «жиһадты» әлеуметтік-экономикалық даму мен нақты мақ­саттарға жету жолында барынша күш салу үрдісі ретінде кең мағынада түсіндіріледі. Мысалы, құнарлы жерлердің шөлейтке айналуымен күрес, астық науқаны, сауатсыздықты жою және т.б. жөнінде сөз қозғалғанда, «жиһад» ұғымы қолданылады. Сондықтан да болар, Иранда Ауыл шаруашылығы министрлігін «Ауыл шаруашылығындағы жиһад министрлігі» деп ресми атайды.

Өкінішке қарай, терроршылар «жиһад» тұжырымдамасын өздерінің көзқарастарын қолдамайтын жандарды өлтіруін ақтау мақсатында пайдаланады. Қылмыскерлердің осы тобы жиһадты мұсылманның бір парызындай қабылдап, Алла тағала белгілеп берген бес парызды алтауға шығарып жіберді. Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда бұл жалған сенімді жасанды түрде енгізу радикалды ислам топтарында айқын көрініс беріп, мемлекет пен қоғамға қарсы қауіп-қатерлермен байланысты болып отыр.

Исламдық радикализмді ұстанушылардың мұндай әдістері мен стратегиялары заманауи әлемде діни экстремизм көріністерін туындатып, тіпті, дами келе, халықаралық терроризмге дейін ұласуда. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 320-дан 660-қа дейін террорлық актілер жасалады, олардың төрттен үші ислам атын жамылған лаңкестерге тиесілі. Терроризмнің барлық түрлерінің ортақ тұсы – өз арамза мақсаттарына қол жеткізудің басты құралы ретінде өздерінің дүниетанымын, идеологиясын, мінез-құлқын, өмір сүру салтын күштеп таңу, бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіру немесе өлтірумен қорқыту және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлерін пайдалану.

Дін атын жамылған экстремистік және террористік идеологиялардың таралу үрдісі соңғы кездері бүкіл әлемде кең көлемді сипат алуда, бұл адамзат қоғамының тұрақтылығына төнген айқын қауіп болып отыр. Міне, сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күрес жүргізуді мемлекет пен оның институттарының маңызды қызмет бағыты ретінде белгіледі. Сондай-ақ, Елбасымыздың Жолдауында қоғам ішінде, әсіресе, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сонымен қатар, халқымыздың зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының салт-дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес келетін діни санасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді.

Қазіргі таңда Елбасымыздың тапсырмасымен бес жылға жоспарланған Қазақстан Республикасындағы Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

2017 жылға қарай Қазақстан халқы, соның ішінде жастар, әсіресе, діни негіздегі радикалды идеология ықпалына бейім немесе соған ұшырағандар экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмыстарымен қамтылатын болады.

 Қайрат Лама ШӘРІП,

Дін істері агенттігінің төрағасы.

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мәселелеріндегі БАҚ рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

 Іс-шараға ҚР ДІА жанындағы Қазақстандағы діни жағдай мәселелері жөніндегі консультативтік-сарапшылық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дін саласындағы ғалымдар мен сарапшылар, ақпараттық-насихат топтарының, сонымен қатар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 Дөңгелек үстел барысында БАҚ-та діни тақырыптардың жариялануы, Дін істері агенттігінің діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алуда журналистік ортамен ақпараттық тұрғыдағы сындарлы өзара әрекеттестігі бойынша өзекті мәселелер қаралып, талқыланды.

 Дөңгелек үстелде ҚР ДІА Төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин құттықтау сөз сөйлеп, өзекті рухани тақырыптар бойынша халыққа ақпарат берудегі жедел әрі жемісті жұмыстары үшін журналистерге алғыс білдірді және дін секілді нәзік сала жөнінде БАҚ-та дұрыс ақпарат бере білудің маңыздылығына тоқталды.

 «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым бұқаралық ақпарат құралдарында діни ахуалды қазақ және орыс тілдерінде сипаттап жазудың ерекшеліктері туралы айтып берсе, Мароккодан арнайы шақыртылған ИСЕСКО Бас директоры штаб-пәтерінің сарапшысы Абдел Кадер әл-Идриси «Жаһандану заманында Исламдағы «жиһад» түсінігіне қатысты пікірлер» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ, ҚР ДІА Конфессияаралық қатынастар департаментінің директоры Бақытжан Қөлекеев, «7 арна» телеарнасының Ақпараттық бағдарламалар департаменті директорының орынбасары Оңалтай Қуандық, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетінің баспасөз-хатшысы Мұқан Исахан, ДІА ақпараттық қамтамасыз ету басқармасының басшысы  Сақтаған Сәдуақасов, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының Діни жағдайды талдау және мониторингілеу бөлімінің басшысы м.а. Роза Абдрахиева және т.б. баяндама оқыды.

 Іс-шара соңында қатысушылар дін саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша қоғамдық пікір қалыптастырудағы БАҚ-тың үлкен әрі маңызды рөлін атай отырып, діни экстремизм мен терроризмның алдын-алудағы журналистердің құзыретті органдармен өзара әрекеттестігі тетіктерін жасау бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

  Сириядағы аяқасты болған адам құқығын зерттеу жөніндегі БҰҰ комиссиясының басшысы Паулу Сержиу Пинейру Сириядағы көтерілісші топтардың ешқайсысын «жақсы адамдар» деу келмейді, тіпті ешқайсысын қару-жарақпен қамтамасыз етуге болмайды деп есептейді. Оның айтуынша, содырларға қару жеткізу туралы шешім шиеленісті реттемейді. «Бұл қару зорлық-зомбылық пен әскери қақтығыстарды тек арттыра береді», – дейді ол.