14 Мамыр 2024

Телеарналардың бірінде Ж.Боранбаева деген азаматшаның Алматы қаласы Орталық мешіт қызметкері жайлы пікірі жарияланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы оқиғаға байланысты мәлімдемесі мынадай:

Ислам – жақсылыққа шақырып, жамандыққа жол бермеуге үндейтін Алланың соңғы діні. Ж.Боранбаеваның негізсіз пікіріне қатысты төмендегідей дәлел мен дәйектерді қаперлеріңізге саламыз.

Біріншіден, Дүйсен дейтін азамат 2008 жылы Орталық мешітте имамдық қызмет мүлдем атқармаған. Дүйсен күзетші болған. Оның 2011 жылы жұмыстан босатылғанын растаймыз.

Екіншіден, 2008 жылы Ж.Боранбаева Орталық мешіттің діни сауат ашу курсында білім алу туралы өтініші қанағаттандырылмағанын хабарлаймыз. Өйткені, азаматшаның іс-әрекеттері, сөз саптауы, өзін ұстауы сауат ашу курсының ішкі тәртібі мен талаптарына сай келмеген.

Үшіншіден, Ж.Боранбаева мәлімдегендей, мешіт қыз бен жігітті таныстыратын, олардың отау құруына дәнекер болатын орталық емес. Мешіт – құлшылық үйі, діни білім ордасы.

Төртіншіден, күзетшіні имам деп атау бүкіл дін қызметкерлеріне, имамдарға, Исламға жабылған жала деп қабылдаймыз.

Бесіншіден, мәселенің байыбына бармай, анық-қанығына көз жеткезбей тұрып, атүсті ақпарат таратқан телеарнаның жаңалық тарату бөлімі мен оған жауапты қызметкердің бұл әрекетін оның ар-намысына, ұятына қалдырамыз.

Ислам – адамдардың арасында бүлік шығармауға, ғайбат, өсек айтпауға, нақақтан нақақ жала жаппауға шақыратын асыл дін. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Бүлік шығару адам өлтіруден де жаман», – делінген. Тағы бір аятта: «Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл – бәрі де көргеніне, естігеніне жауапты» (Исра сүресі, 36-аят), – деп ескертілген.

Жала жабу, өсек тарату – адамдар арасындағы ауызбіршілікті жоятынын ұмытпайық.

Астана. Baq.kz-Жоғарыдағы «указный» молдалардың арқасында мешіттерге жандармериялық бақылау жасауды Ресей Сенаты 1868 жылы заңдастырды. Осы құжатта: “Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды. Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін молда жүргізеді, ол азаматтық басқармаға, сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады. Молдалар облыстық басқарма мен Әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады. Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады. Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін медіресе ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек”, деген баптар бар.

Қысқасы шоқындырудан бұрын ислам дініне жоғарыдағыдай шектеулер қойылған. Алда-жалда балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкімі шыққан.

Осының өзін көп көрген И.Мельников дейтін шовинист заңды бұдан да қатайтып, қазақтың құқын мүлдем жоюды талап етіп, мәртебелі патша ағзамға хат жазып, қазақтар арасында қалыптасқан ислам дәстүрін заң арқылы тас-талқан етіп, оларға өмір сүрудің еуропалық тәсілін енгізуді ұсынады. Далалық мәдениетті әлсіретуге еуропалық отырықшы тұрмыстың қажет екенін шовинистер жақсы білген.

Еуропалық қитұрқы тәсілді қазақ өміріне енгізген соң дейді отарлаушылар: «істі жолға қойып, миссионерлер жіберуіміз керек, олар қазақтарға ұстанған дінінің дұрыс емес екенін, Иса пайғамбардың діні дұрыс екенін, сонымен қатар патша ағзам қандай дін ұстанса, оның құзырындағы бұқара да сол дінге кіруі керек екендігін, дәлелдеуге тиіс» дегенді айтады.

Поптар мен жат діннің оқымыстылары жандармерия-ның міндеттерін атқарды, кей тұста соттың орнын алмастырды. Діни уағыз бен жазалау әрекетінің арасында шек қойылмады. Мұны христиандық отарлау саясатының маманы В.Говитт жан-жақты талдай келіп: “Отарлаушылардың шеңгеліне іліккен мұсылман діндегілер мен бөтен нәсілділерге христиандықтардың көрсеткен тағылығы бұрынды-соңды болған қырғын-топалаңнан асып түсті”, – деп жазады.

Отаршыл әкімшілікпен біте қайнасып, “жандармерияға айналған” миссионерлер мен қайырымды поптар қатыгездікті қатар тұрып жасады. Жұрт Ғайса пайғамбардың дінінен емес, шіркеудің шермиген попынан сескенді. Зады, жаугершілік те, миссионерлік жорық та, отарлау саясаты да сол зорлықшыл Ресейдің бет-бейнесін, ішкі мәдениетін, даму дәрежесін көрсетіп тұрды.

Ғалым Тұрсын Жұртбай «Күйесің, жүрек… сүйесің…» атты зерттеу еңбегінде, қазақ даласына жүргізілген шоқындыру ісін жан-жақты зерделей отырып, орыстар қолданған мына бір мәліметті айтады: “…Қазақтардың атынан бізге шоқындырушы, уағызшы қажет деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзіне қол беріп амандасқан қазақтарға сый-сияпат көрсетсін. Христиан дініне үйір қыла берсін, сөйте жүріп, қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді, деген пікір таратсын. Олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін…» дейді.

Дәл осыған ұқсас келесі бір құжатта: «Қазақтардың бетін бұрып алған соң басқаша ұсыныс жасау керек. Бұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы тиіс, деген жарлық жасалсын. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралсын. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек”, – деп кесімді үкім шығарылып қойған.

Ал, христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету және олардың құқын қорғау туралы ерекше нұсқаулар болды. Құнарлы жерді меншіктеуге, кәсіпшілікпен айналысуға, тегін несие алуға келгенде оларға орыстармен бірдей жеңілдіктер берілді. Сыйлық ретінде ақшалай қаражат та бөлінді.

Архирей басқармасының заң жүзінде бекітілген нұсқауында: “Христиан дінін қабылдаған қазақтар өзінің ауылында тұра береді немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшіп келуіне де болады, олар тиісті құқықтың бәрін пайдалана алады”, дейтін жаңа бап енгізілді.

 

Төлеген Жәкітайұлы

 

 

 

Астана.  Baq.kz – Жарасымдылықтан жалтарған кейбір бойжеткендеріміздің ниеттері түзу болса да, мешітке жолшыбай кіре салғаны байқалып-ақ тұр. Олардың діни орынға ойламаған жерден аяқ басқандары киген киімдерінен аңғарылады.

«Дін-апиын» деп зікір салған кешегі Кеңес өкіметінің шылауында шырмалып, діліміз бен дінімізден теріс айналдық. Қазақты атеистік ұғыммен мықтап улаған кеңестік жүйе рухани байлығымызды жалмауыздай жалмағаны-тарих шындығы. Биліктен жасырып намаз оқып, «Құдай бар» деп күрсіне күбірлеген талай қазақтың қудаланғаны да ащы ақиқат.

Егемен ел болғалы жоғымызды түгендеумен келеміз. Ана тілімізбен жылап көрістік. Тұралап қалған дінімізді жермен-жексен халден арылтуға кірістік. Жақсылықтың жаршысындай болып ел өңірлерінде мешіттер бой көтерді. Ал сол мешіттерге бару мәдениетіміз қай деңгейде?

«Әзірет Cұлтан» мешітіне арнайы бас сұқтық. Сонда бір байқағаным Құдай үйінде тым-тырыс тыныштықтың бұзылғаны. Келгендер өздерімен бірге 2-3 жасар балаларын ертіп әкеліп, мүлгіген тыныштық салтанат құруы тиіс орынды у-шу ойын алаңына айналдырып жіберіпті. Құран оқымай тұрып, имам балаларды алып кетуді әдейілеп ескертті. Бірақ бұл сөзден сескеніп, айылын тартқан ата-ана көрінбеді. Бұл аздай тыныштықты тілеп отыр-ған мұсылмандардың мазасын кезек-кезек безектеген қалта телефондарының шырылдары бұзды.Сонда мешітте бес минут береке тауып отыруға санамыздың жетпегені ме?

Құдайға құлшылық етуге қай жастағы мұсылман болса да өзіңнің дайындығыңмен келсе жарасады. Жарасымдылықтан жалтарған кейбір бойжеткендеріміздің ниеттері түзу болса да, мешітке жолшыбай кіре салғаны байқалып-ақ тұр. Олардың діни орынға ойламаған жерден аяқ басқандары киген киімдерінен аңғарылады. Иықтарын жалаңаштаған келте көйлектілер «ниет етсек болды емес пе?» дегендей еш қымсынбай-ақ еркін отырды. Тәнін жалаңаштап жүргенді ұнататын қайсыбір қыздарымыз тым құрығанда Құдайдың алдында қымтанып отыруға білгірлігі жетпегені ме?!

Жағымды жай көрмек болып, "Нұр-Астана" мешітіне де бардым. Онда да балалардың сақылдаған күлкісінен көтерілген шу берекемізді алды. Мұнда сәждеге бас қойған мұсылмандардың тақиясын түртіп ойнаған, ата-анасынан тыйым көрмеген балаларды көріп, еріксіз бас шайқадық. Бағзыбір жандар үшін балаларға арналған демалыс саябақтары мен мешітті ажырату соншалықты қиынға соққан сыңайлы. Мешітке барып мінәжат ететіндердің санының көптігін көріп, іштей сүйсініп қаламын. Әсіресе жастардың қарасы қалың болашақтың күншығыс күйді бет алғанын байқатады. Әйтпесе қаншама қыздарымыз бен талай тепсе темір үзетін жігіттеріміздің жат ағымның жетегінде адасып жүргені жасырып-жабары жоқ шындық. Сондықтан Алланың нұр жолын таңдап алған жастарымызға, тіпті қарттарымызға да діни сауаттылық деңгейін дамытса құба-құп болар еді.

Дінді дұрыс білмегендіктен, кей тұста алаяқтардан алданып, опық жеп қалатын шақтарымыз да болады. Пітір-садақаны шын мұқтаж мүсәпірге емес, қулығына құрық бойламайтын қорқауға ұстатып жіберетініміз де діни сауатсыздық салдарынан туындайды. Жалпы, Астанада көшеде жүріп, қайыр сұрайтындар қарасы аз екен. Ал Алматыда ондай өтірік-шыны белгісіз қайыр сұрау тәуліктің кез келген уақытында көзге түсіп, үйреншікті болып кеткен күнделікті жағдай. Автобус аялдамаларында көлікке кіріп,«Құран оқимын» деп қоқиланған талай сабаздарды көргенім бар. Мұндай сұмырайлар елді алдағанымен қоймай, «садақа бер» деп талап ететінін қайтерсіз?! «Байқұс Құран оқыды ғой. Ниеті қабыл болсын», - деп көпшілік ол арамзалардың қолын қақпайды. Сонда шаң-шаң автобуста ешбір жайнамазсыз, жүресінен отырып, жүгіртіп оқи салатындай Құран қасиетсіздің ермегі ме? Жоқ, әрине!

Иә, дін еріккеннің ермегі емес. Дінге бет бұру – өзіміздің ұлттық тұтастығымызды сақтап қалудың бір кепілі.Діни сауаттылығымызды барынша арттырсақ, ешқандай жат ағым қауіп көлеңкесін төндіре алмасы хақ.

 

kazakhstanzaman.kz

 

Астана. Baq.kz - Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай ауылының төменгі бір бөлігін тұрғындар Алтай атап кеткен. Сол Алтайда кезінде казактар қарағайдан қиып салған шіркеу бар. Қараусыз қалғанына жиырма жылдан асса да, шіркеудің негізгі қаңқасы сол қалпы сақтаулы тұр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

1882 жылы Казак әскери шаруашылығының қаржысына тұрғызылған діни ғимарат жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына дейін орнықты жұмыс істеп, көптеген тақуалардың алғашқы қызмет баспалдағына айналды. Ал жаппай қудалау, дінге шектеу қою үрдісі белең алған тұста бұл шіркеу ең соңғылардың бірі болып жабылды. Ресми түрде жабылғанымен, жасырын мінәжаттар мен жоралғылар өткізіліп тұрған. Кейін Рыков атындағы орта мектептің ғимаратына айналған шіркеу көп өзгертулерге ұшырайды. Күмбезі алынып, бөлмелерге бөлінеді. Ал тәуелсіздік алған тұста ғимарат мүлде қараусыз қалды. Кеңестік биліктің меншігіндегі мүлік пен ғимараттың бәрі тоналған шақта талан-таражға түспеген бірен-саран ғимараттың бірі осы шіркеу еді. Алайда, оған да адамның қолы, балтаның жүзі тиген. Көнекөз тұрғындардың айтуынша, шіркеуді бұзу жұмыстары кілт тоқтаған. Олай болуының себептері жайлы аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Сол әңгімелердің ұзын-ырғасы мынаған саяды.

Еркіндік алып, тәуелсіздіктің рухын сезіне бастаған халықтың арасынан бодандықтың көзіндей болған шіркеуді бұзуға

ниеттілер пайда болады. Бір жағынан бостан-бос, күнге қақталып, желге мүжіліп тұрған ағашты кәдеге жарату көзделсе керек. Шіркеуді бұзу кезінде кейбіреулердің құлағына шоқыншылардың діни әні шалынса, енді бірі қоңыраудың сыңғырын естігендей болады. Мұны ауылда қалған санаулы орыс ұлтының өкілдері діни ғимараттың қасиетіне баласа, қалған халық кезінде шіркеуді салушылардың құпия айласы деп қабылдаған. Әйтсе де, шіркеуді әрі қарай бұзуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Кейін келе осындай жағдай тағы қайталанған деседі. Шіркеудің бұл тылсым сыры қазірдің өзінде ел арасында ара-тұра қозғалып қояды.

Бүгінде шіркеуді бұзуға мемлекет тарапынан тыйым салынып, тарихи ескерткіш ретінде қорғалады. Түркіден тараған өршіл халықтың қасиетті қара шаңырағы саналатын Төр Алтайдың бір пұшпағында орыстың отаршылары үстемдік құрғанын еске салып тұратын ғимарат бұрынғы айбынынан айырылғанымен, ішіне ешкім аша алмаған және ашуға құлықсыз сырды бүгіп әлі тұр. 130 жылдан астам уақыт өтсе де, сыр берер емес. Ал оны бұзушылардың құлағына әртүрлі үндердің шалынатыны жайлы аңыз анықталмаған күйінде қалуда. Тылсым құбылыстарды зерттеушілердің кейбірі мұндай құбылыстардың құпиясы өте қарапайым екенін айтады. Ескі ғимараттарда бұрынғы дауыстардың жаңғырығы қалатын көрінеді. Сол жаңғырықтар оқта-текте қайталанады-мыс. Бұл құбылыс ғимараттың қандай материалдан салынғанына тікелей байланысты болса керек. Мұндай ұстанымды қолдаушы ғалымдар ағаштың дауыспен бірге иістің ақпараттарын да бойында сақтай алатынын айтады. Бұл пікірдегілер шіркеуден қоңыраудың сыңғыры мен діни әндердің естілуіне діннің ешқандай да қатысы жоқ екеніне сенімді.

 

Есімжан Нақтыбайұлы