14 Мамыр 2024

Астана. Baq.kz – Қарабұтақ ауылдық мешітінің имамы Елубай Сыбаев биылғы Рамазанда ерекше қуанышқа бөленіп отыр. Кеше имамдармен кездесу кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов оған қажылық сапарға жолдама берді. 73 жастағы Елубай Сыбаев бұл құрметке дінімізді өркендету жолында он бес жыл бойы төккен тері үшін ие болып отыр.

Облыс әкімінің имамдармен кездесуі «Руханият» музейінде өтті. Кездесуге Ақтөбе қаласындағы және аудандардағы орталық мешіттердің имамдары, бірқатар ауылдық мешіттер имамдары, сондай-ақ, қала әкімі Ерхан Омаров, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде Рамазан айында имамдармен кездесу өткізудің жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

— Бүгінгі жиында сіздермен бірге облысымыздағы мешіттер қызметін жандандыру мәселесін талқылауды көздеп отырмыз. Қазір Ақтөбе өңірінде 68 мешіт бар. Мешіттердің жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандармен қамтылу көрсеткіші — 90 пайыз. Мешіттердің коммуналдық төлемдеріне демеушілік көмектер ұйымдастыру, имамдарға қолдау көрсету жөнінде қала және аудандар әкімдеріне тікелей тапсырмалар берілді. Мамандардың біліктілігін көтеру, кейбір мәселелер төңірегінде кеңесіп-пікірлесу мақсатында теологтармен, ғалымдармен кездесулер, семинарлар, басқа да бас қосулар ұйымдастырылып келеді. Әйтеке би ауданының орталығында, Жем қаласында жаңа мешіттер бой көтерді. Ақтөбедегі ғасырдан астам тарихы бар көне мешіт ғимараты тар болғандықтан, 300 адамға ғана қызмет көрсете алатын, қазір онда қосымша құрылыс жүріп жатқанын білесіздер. Кеңейтілгеннен кейін бұл мешітке 2,5-3 мың адам жинала алатын болады. Ата-бабаларымыздың жолы, ел бірлігінің басты кепілі болып табылатын Ханафи мәзһабын насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен ол жұмыстарға әлі де қарқын керек. «Қазақстан — 2050» Старатегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз — мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» — деп атап өтті. Біздің имамдарымыз осы жолда, яғни жастарды тәрбиелеуде өздері еңбектеніп қана қоймай, қоғамды жұмылдыра білуі керек, — деді Архимед Бегежанұлы.

Жиында ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбмүтәлі Дәуренбеков діни сауатсыздық салдарынан жат ағымдар арбауына түсіп қалған жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, жергілікті мамандар даярлау мақсатында қолға алынған істерді баяндады.

— Қазіргі таңда «Нұр» университетінде 16 ақтөбелік жас білім алып жатыр. Биыл тағы 18 адамға жолдама беріліп отыр, — деді ол.

Бас имамның пікірінше, «Ақтөбе» медресесіне ұстаздық ету үшін, әлі де білікті мамандар тарту қажет.

— Бұл медресе — біздің үлкен үмітіміз. Осында білім алған жастар арқылы енді аз жылда мешіттерімізді жергілікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі шешілуі тиіс, — деді ол.

Хромтау аудандық орталық мешітінің бас имамы Алмат Әлиевтің айтуынша, ауыл жастары арасында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, олардың діни білім алуға деген ұмтылысы байқалып отыр. Биыл хромтаулық 4 жеткіншек «Ақтөбе» медресесінде білім алуға ықылас білдіріпті.

Алмат Әлиев облыс әкіміне БАҚ арқылы насихат жұмысын жандандыру бағытындағы өз ұсынысын жеткізді. Жиында Алға ауданы орталық мешітінің бас имамы Әбдуахит Әбдрасулов та сөз сөйлеп, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Бұдан соң облыс басшысы қызметтегі жетістіктерімен жұртшылық ілтипатына бөленіп жүрген имамдарға Алғыс хаттар табыстап, сый-сияпат көрсетті. Олардың қатарында біз жоғарыда айтқан Елубай Сыбаев та бар. Ол — облысымызда қызмет етіп жүрген имамдар арасында жасы жағынан да ең үлкені.

— Қажылық сапарға жолдама мен үшін айтып жеткізгісіз қуаныш болды. Мен ғана емес, бүкіл жақындарым, Қарабұтақ мешітінің жамағаты да қуанып жатыр. Аллаға шексіз шүкірлік айтқым келеді. Дінімізді қастерлейтін, осы дінімізді қастерлеп өткен ата-бабамызды қадір тұтатын әр қазаққа менің жолымды бергей деймін, — деп ағынан жарылды Елубай ақсақал БАҚ өкілдеріне.

Сонымен қатар, Темір ауданы Шұбаршы ауылы мешітінің имамы Нұриддин Баймырзаев пен Мұғалжар ауданы «Нұртай» мешітінің найб имамы Мақсат Өтегеновке де бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жиынды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылады.

— Бүгінгі күні имамдар алдына үлкен міндет қойылып отыр. Дін бірлігі — ел бірлігі болып табылатынын жақсы білесіздер. Облыс басшылығы имамдарға барынша қолдау көрсетіп келеді және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Дегенмен, кей тұста жұмыстардың өте баяу жүріп жатқаны қынжылтады. Біз имамдардан белсенділік талап ететін боламыз. Жұрт ықыласына бөлену үшін, имамдарымыз үлкен білім алуы тиіс, — деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімі сырттан келетін мамандарды барынша іріктеу, мешіттерді қазіргі заманғы техникамен, скайппен жабдықтау кажеттігін айтты.

Сондай-ақ, осы жиында имамдар тарапынан айтылған ұсыныстар бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

 

Индира ӨТЕМІС

 

Түркіменстанда Қадір түнінің құрметіне 1166 тұтқынға рақымшылық жарияланды.

Осыған орай абақтыдан азат өмірге аяқ басқан бұрынғы тұтқындар айт күндерін өздерінің отбасымен атап өтетін болды.

Бұған қоса, ел билігі оларға жұмыс тауып беруі үшін тиісті орындарға тапсырма берген көрінеді.

Алматыда Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың атынан ауызашар берілді. Оған шаһар басшысы Ахметжан Есімов, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған діни басқарма қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ауызашар дастарханның беташарын Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет қасиетті Құран аятымен ашты. Бас мүфти бата жасағаннан кейін құттықтау сөз Ахметжан Смағұлұлына берілді. Қала әкімі жамағатты мүбәрак рамазан айымен құттықтап, ізгі тілек-лебізін білдірді. Ислам дінінің асыл құндылықтарын халыққа паш етуде мүфтияттың сүбелі жұмысы туралы пікірлерімен бөлісті. Ол діни басқарманың қарқынды ізгі іс-шараларына ұдайы көңіл бөліп, өз тарапынан қолдау білдіретінін жеткізді.

Ауызашар дастарханында Ержан қажы Малғажыұлы жиналған жұртқа жүрекжарды тілегін айтып, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Рамазан айында игі де ізгі, сауапты амалдарды атқарудың маңыздылығына тоқталды. Ел азаматтарын елдік мұрат пен халық игілігі, дәстүрлі дініміздің насихат жұмыстарына бір атаның баласындай қызмет етуге шақырды. Бүгінгідей бейбіт заманның қадірін сезініп, Жаратушыға жақсы істермен жақындауға үндеді.

Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ораза ұстаудың мәні мен маңызы жайлы уағыз айтып, көпшілікке көп ой тастады.

Мерекелі һәм берекелі дастарханда зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері ізгі ниеттерін білдірсе, әншілер ғибратты ән мен жырдан шашу шашты.

Астана. 1 тамыз. Baq.kz – Құдайға шүкір – қазақпын! Әлһамдулилла – мұсылманмын! Деймін-ау. Дегенмен, көп жағдайда мешеу мұсылмандығым кемел қазақтығымның кежегесін кері тартып тұрғандай сезіледі. Ал «Әлһамдулилла – мұсылманмын!» дегенді бірінші орынға шығарып жүрген қандастарым мешеу тартып тұрған қазақтығының қамын тым құрыса бір сәт болсын ойлап көріпті ме?! Міне, бұл – үлкен сұрақ.

 Әрине, «Дінсіз адам болуы мүмкін, бірақ, дінсіз ұлт болмайды». Дәуірлер бойы дін біздің ұлттығымызға қызмет етсе, ұлттығымыз дінге қызмет етіп келген. Бұдан былай да солай болуға тиіс. Ата-бабамыз Ислам дінінің Әбу Ханифа мәзһабын осы қасиеті үшін қабылдап, ұрпағына аманат еткен. Аманатқа адалмыз ба?! Ал бұл – үлкеннен де үлкен сұрақ.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында халқымыз бодандық бұғауынан босанып, ата-анамыз бен ес біліп қалған аға-әпкелеріміз қалпағын аспанға атты. Ал біз ол кезде әлі аузынан ана сүтінің дәмі кете қоймаған жас өскін едік. Уақыт өте естіп, оқып, бақыттың бақшасында өсіп жатқан бақытты ұрпақ екенімізді сезіне бастадық. Халқымызбен қоса Тіліміз, Дініміз – жалпы Діліміз бостандық алғанын білгенімізде, тіпті, қалпағымызбен бірге өзіміз де аспанға ұшып кете жаздадық. Бірақ, «Олар (Тіл, Дін т.б.) өз тазалығын сақтап келді ме?!» деген сұрақ төңірегінде ойланғанымызда тіліміз күрмеліп қалатынды шығарды. Мәселен, басқа-басқа, біз әңгіме етіп отырған осы дін саласының өзінде мәселелер қордаланып қалды. Исламда жүрміз дейтін бауырларымыздың өздері «Әскерге бармаймын!», «Келін сәлем салуға болмайды, адам Алланың алдында ғана иілуге тиіс», «Домбыра шерту харам» деген сынды қисынға келмейтін «бәтуаларын» алға оздырды.

Нәтижесінде, бұл іске Елбасымыздың өзі араласуға тура келіп, бір министрліктің құрамындағы Дін комитетіне оңаша отау сайлап беріп, оны жеке агенттік деңгейіне көтерді. Агенттік жұмысы құрылған күнінен бастап жанданып кетті. Бірақ, «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деп ұлт ұстазы Ахаң жайдан-жай айтпаса керек. Бар міндетті бір мекемеге жүктеп қойып, қол қусырып отыру азаматтық тұлғамызға сын болар деген ой қолымызға қалам алдырды.

«Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды». Бұл Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзі. Жақында қолыма Әзірет Сұлтан мешіті Бас имамының орынбасары Асылбек Ноғаевтың «Даналық ойдан дән ізде» деген су жаңа діни кітабы түсті. Жоғарыда келтірілген сын-ескертпелерді түзеу ісі осы кітаптан көрінгендей болды. Мәселен, біріншіден, автор тақырыптарды талдағанда қазақтың өз сөзұстарларының шығармаларынан үзінді келтіріп, ойын сол арқылы өрбітіп, қазақы таным-түсінікпен оқырмандарына жеңіл тілмен түсіндіріп береді. Екіншіден, Ұлы Жаратушының атын Діни басқарманың бұған дейінгі шығарып келген кітаптарындағыдай «Аллаһ» деп емес, ата-бабаларымыз қалыптастырып бергендей «Алла» деп атапты. Сондықтан да кітап «Мен қазақпын!» деген әр мұсылманның жанына жақын, оқылғанда «һ» дыбысы тіліңізді сүріндірмейді. Бұл игі жаңалықтар Асылбек Ноғаевтың ішкі жандүниесінің қазақ боп қалыптасып, мұсылмандығының өзі сол қазақтығына, қазақтығының өзі мұсылмандыққа қызмет істеп тұрғандығын аңғартса керек. Бізден бұрынырақ ғұмыр кешкен Халел атамыз (Досмұхамедұлы) қазақ тілін шұбарлайтындар деп оның оқығандарын айтуы тегіннен тегін емес. Арабша оқығандар – арабтың, орысша оқығандар – орыс тілінің заңдылықтарына шырмалып қалады дегенді меңзеген ғой ұлт оқымыстысы. Бұл ретте Алла есімін атауда Қазақ Тіліне қиянат жасап жүрген Бас мүфтиден бастап, басқа да дін қызметкерлеріне базынамыз бар.

Ал енді бұл бауырымыздың сыртқы болмысына үңіліп көрейікші. Ата-бабаларымыздың көпшілігі сақал қойды дегенімізбен, олардың бір де біреуі сол сақалды мұртсыз қойып па еді? Жоқ, ешбірі де сақалсыз мұрт қойғанымен, мұртсыз сақал қоймаған. Асылбек бауырдың сақалсыз қойған мұртының өзі ұлттық идеологиямызға қызмет етіп тұрғандай.

Қазақ «Сәлем түзелмей – әлем түзелмейді» дейді. «Ислам» деген сөздің өзі «Сәлем» деген сөзден шыққанынан хабарымыз бар. Бізде сөз жасайтын дауысты дыбыстар болса, араб тілінің ерекшелігі – оларда сөз жасаушы дауыссыздар. Сонда «Сәлемді» де, «Исламды» да жасап тұрған «С»,«Л»,«М» деген дауыссыз үш дыбыс. Демек, бұдан шығатын қорытынды – Сіз шынымен Исламда болсаңыз, сәлемді бірінші беруге ұмсынатын ізетті, кішіпейіл, тәкаппарлықтан ада пенде болуыңыз керек екен. Сәлемнен «ізет» деген ұғымды шығардық. Ал ізетті жан дауыс көтермейді, әдептен аспай, жамағатқа айтар ойын әдеппен әдемілеп жеткізеді. Жақында республикалық маңызы бар бір мешітте Бас имамның орынбасары болып қызмет атқарған жігіт ағасымен дастархандас болып қалдым. Дастархан басындағы бір азаматтың қойған сұрақтарына барынша анайы түрде, бейәдеп сөздермен жауап бергенін көріп, жағамды ұстадым. Исламда кісінің айыбын ашудың өзі үлкен күнә саналғандықтан, атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Бұл ретте, Асылбек бауырымызды ғана емес, ол қызмет атқаратын Әзірет Сұлтан мешітінің жұма уағыздарын айтушы барлық мамандарын және оларды сайдың тасындай сұрыптап алып отырған Бас имам Қайрат Жолдыбайұлының талап-тілегін жоғары бағалауға тиіспіз.

Жоғарыда «Сәлем түзелмей – әлем түзелмейді» дедік. Осы орайда «Тегіңді түзетпей – еліңді түзетпейсің» десек те болатындай. Діни басқармаға жаңа төраға келгенде жұрт бірінші оның «фамилиясына» жармасты. Қайта-қайта ескертіп жүріп, әйтеуір, «-ов» деген қосымшасы бар тегін тақтан құлатып, Бас мүфти бүгінде өзін Әкесінің атымен атап таныстыратын халге жетті. Құдайға шүкір дейік. Әйтпесе, атеистік дәуірдің естелігіндей болған «-ов»-тың мұсылманға, оның ішінде Мемлекеттік Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ мұсылманға қажеті қанша?! Бұны кітабының мұқабасына «Асылбек Ноғаев» деп жазған Асекеңе де ескерткіміз келеді, «Ноғаев» «Ноғай» болса екен. Әрине, тегі ғана.

Өздерін дін қайраткері санап жүрген әрбір бауырым Қадыр ақынның:

Адам боп оңай туғанмен,

Адам боп қалу – көп қиын, – деген қос тармағына толықтай келісетін болар. Өйткені, олардың қай-қайсысы да өздерін адам боп туған адамды адам қалпында сақтап қалудың қамымен жүрміз деп ойлауы заңдылық. Дегенмен, сол ақынның елге бұдан да белгілірек тағы бір тәмсілі бар:

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра, – деген.

Қымбатты қандас бауырым, Сіз сол домбырадан алыстап бара жатқан жоқпысыз? Өзіңізден бір сәт есеп алып көріңізші. Себебі, қазаққа қазақы дін қайраткері керек...

 

Серік СЕЙІТМАН,

Астана қаласы