11 Мамыр 2024
Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2013 04:21

Азаттық тілшісімен өз қалауы бойынша жолыққан, өзін дәстүрлі емес діни топ мүшесі деп санайтын ақтөбелік келіншек діни азшылықтың көпшілікке беймәлім өмірі туралы айтып берді.

Гүлфайруз Азаттыққа сұқбатты біресе автокөлік салонында, біресе кісі қарасы аз кафеде бермекші болып, шешімін сан мәрте өзгерткен болатын. Ақыр соңында ол тілшімен Ақтөбедегі шағын кафелердің бірінде жолықты. Сұхбат барысында есік жаққа қайта-қайта қарағыштап отырып басынан өткен жайттарды баяндай бастады.

НИҚАБТАН – ХИДЖАБҚА

 Ниқабын шешкен мұсылман әйел Гүлфайруз Азаттық радиосына берген сұхбатында Мысырдағы "Әл-Азхар" университетінде білім алғысы келетінін айтты.

Осыдан 5 жыл бұрын Атыраудың базарында ойыншық сатып тұрған Гүлфайруздың өмірі ақтөбелік Хамзаны кездестіргеннен соң күрт өзгеріп шыға келген. "Ақша жинап, оқуға түссем" деген арманын ұмытып, тұрмыс құрады да Ақтөбеге қоныс аударады.

Алғашында қарсылық көрсеткенімен кейін күйеуінің өтініші бойынша ниқаб киіп, "такфиршілік бағытындағы" уағыздарына ден қоя бастайды. Телевизор қараудан, радио тыңдаудан да тиылады. Бірақ мұндай тақуалыққа қатысты күн сайын күмәні қалыңдай береді.

"Мен өзімнің де, күйеуімнің де діни білімінің шалалығын іштей мойындайтынмын. "Жиһад", "харам", "ширк" секілді мәселелерге қатысты іштей қарсылығым да болды. Бірақ, оны күйеуімнен өзге ешкімге айтқан емеспін. Ал оның құлақ асқысы келмеді. "Діни білім алғым келеді" деген қалауыма да қарсы шықты. Мен айтқанымнан қайтпадым. Ақыры ажырасып тындық", – деп мұңайды отыздардың үстіндегі қараторы келіншек.

Гүлфайруз өз әңгімесінде 4 жыл бойы "ниқаб" кигенін айтады.

Ері "талақ" еткен (шариғат бойынша ажырасқан – ред.) соңғы бір жылда Гүлфайруз ниқабын шешіп, хиджаб киіп жүр. Әйтсе де ескі әдетінше көзін төмен түсіріп, жүзін қолымен көлегейлей береді.

"Бір-екі рет ниқабпен Ақтөбедегі "Нұрғасыр" мешітіне барғанымда кіргізбей, кері қайтарып жіберген еді. Содан бері ол жаққа аттап басқаным жоқ. Ниқаб киетін ухтилардың (кейбір мұсылмандық топтардың әйел мүшелері бір-бірін осылай арабша атайды, мағынасы – "әпке я сіңілі" – ред.) қай-қайсы да қазір мешіттерге кіре алмайды", – дейді Гүлфайруз.

"Үйде де ниқаб киюші ме едіңіз?" деген сауалына Гүлфайруз "жоқ" деп жауап берді. Оның айтуынша, "ухтилардың" барлығы күйеуімен оңаша қалғанда боянып, сыланады, түрлі пеньюар киіп, шаштарына сәнді пішін жасайды. Бірақ Гүлфайруздың ұғымында, некелі жарынан өзге еркек дін жолын ұстанатын әйелдің мұндай жеке өмірдегі әдемілігін көрмеуі керек.

"АХИЛАР" МЕН "УӘЛИЛЕР"

Егер ер адамның өзге әйелге көңілі кетіп, көзі түссе, күнә арқаламас үшін оған үйленуге міндетті деп есептейді ол. Мұндай жағдайда діни топтың ер мүшелері некелі жарын талақ етіп кете беруі мүмкін. Гүлфайруз атын атағысы келмеген өзі танитын бір "ухтидың" осылайша 4 мәрте тұрмыс құрғанын айтты.

"Бір жақсысы – ері талақ еткен әйел діннен кетпейді. Оның бала-шағасы да, өзі де "ахилардың" (діни топтың ер мүшелері – ред.) қамқорлығында болады", – дейді Гүлфайруз.

Гүлфайруз ақтөбелік күйеуінен ажырасқалы бері оған "уәли" тағайындалғанын айтады. Гүлфайруздың сөзінше, "уәли" дегеніміз – өз бетінше шешім қабылдауға хақы жоқ мұсылман әйел затының қамқоршысы.

Қыз-келіншектердің әкесі, не туған ағасы болған күннің өзінде олар дін жолын ұстанбаса, уәли бола алмайды.

Мысалы, менің өз уәлиіммен ет жақын туыстығым жоқ, – дейді Гүлфайруз. Оның айтуынша, күйеуі талақ еткен соң, Гүлфайрузға тағайындалған уәли – балалы-шағалы адам. Оның түсіндіруінше, дін жолында жүрген қыз-келіншектердің болашақ жарларын "уәлилері" таңдайды. Олар үшін маңызды басқа да шешімдерді "уәлилері" қабылдайды.

Гүлфайруз ақтөбелік такфиршілердің өзі мүше діни қауымдастығында қанша адам барынан бейхабар. Білетіні – қауымдастық мүшелері ай сайын кісі басына 3 мың теңгеден садақа жинайды. Ақтөбедегі жеке компаниялардың біріндегі жұмысы үшін 30 мың теңге жалақы алатын Гүлфайруз садақа беруден ешқашан бас тартып көрмеген. Өйткені өзі "ухти" деп атайтындардың арасында не жұмысы, не асыраушысы жоқ әйелдердің көптігін жақсы біледі.

Ай сайын 3 мың теңгеден жиналатын қаржы дін жолын ұстанатын мұқтаж шаңырақтарға тиесілі. Оның білуінше, өткен Құрбан айт мерекесі кезінде 800 мың теңге жиналған. Оны "ахилар" Ақтөбе қаласы мен басқа үш аудандағы мұқтаж мұсылмандарға бөліп берген.

"Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді. – Біздің "тәкеңдер" ғана емес, "мәкеңдер" мен "сәкеңдер" де (орысша "такенские, сакенские и макенские" деді – ред.) солай етеді. Яғни мұқтаж шаңырақтар үшін қаржы жинайды", – деді Гүлфайруз. "Тәкең, Мәкең, Сәкең деген кімдер?" деген сауалға ол "такфиршілер, мадхалишылар мен салафилер" деп жауап берді. Бұл үш топты да Қазақстан билігі мен "ресми исламды" насихаттаушы ҚМДБ "дәстүрлі емес" деп сипаттайды.

Гүлфайруз өзі ұстанатын діни бағыт мүшелерін "агрессивтік, кертартпа және жиһадты қолдаушы" деп сипаттайтындарға үзілді-кесілді қарсы. Ол өзі танитын діни топ мүшелерінің әртүрлі екенін, ішінде өзі құсаған терең діни білім алғысы келетіндердің де бар екенін айтады.

"Арманым – Мысырдағы "Әл-Азхар" университетінен білім алу. Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді. Аллаһ қаласа, ол арманыма да жетермін", – деді Гүлфайруз әңгімесінің соңында.

Азаттық тілшісімен қоштасарда жан-жағын асықпай барлап алды да, жылдам басып әп-сәтте көзден ғайып болды.

 Азаттық радиосы

 

 

Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2013 05:19

Ақтөбе қаласында осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген Иегово куәгерлерi ұйымы құзырлы орган қызметкерлерінің тексерісінен кейін заңсыз деп танылды.

Тiркелмеген діни ұйым мүшелері көп жылдан берi Ақтөбедегi Бірінші кәсіподақтар үйiнде заңсыз жиналыстарын өткізіп, көшелерде өздерiнiң дiни кiтаптарын таратып, қалалықтарды өз топтарына тартқан. Тiптi, қала тұрғындарының арасында өздерiнiң үйiн, дүние-мүлкiн тiкелей мұрагерлерiне емес, Иегово куәгерлерi азаматтарының атына ауыстырып берген жағдайлар да орын алған.

Аймақтағы әдiлет департаментiнің мамандары Бірінші кәсiподақтар үйiнде өткен жиындарды Польшадан келген миссионер заңсыз ұйымдастырғанын анықтады. Соттың шешiмiмен жат ағымды насихаттаушы шетелдікке 173 мың теңге көлемiнде айыппұл салынып, елден алыстатылды. Департаменттiң баспасөз орталығының мәлiмдеуiнше, облыста сонымен қатар 15 дiни бiрлестiк заңсыз деп танылып, шекарадан асырылған.

e-islam.kz

 

 

Жұма, 13 Желтоқсан 2013 07:01

Астана. 13 желтоқсан. Baq.kz - Жанынан безіп, өзін өлімге қиған адамдар күнәһар болып, тозаққа тасталады. Осындай мәлімдеме жасаған Сауд Арабиясының бас мүфтиі, шейх Абдулазиз Әли-Шейх суицидтің (адамның өзіне-өзі қол жұмсауы) арғы дүниеде тигізер зиянын айта келіп, мұндай жат әдеттің асыл дінімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын тілге тиек етті, деп хабарлайды muslim.kz. 

Сондай-ақ, саудиялық дін қайраткері ақыл-есті алатын дәрі қабылдаған адамның жақсылықты жамандықтан айыра алмайтын күйге түсетінін де жасырмады. «Мұны исламның жаулары мен дін дұшпандары іске асырады. Олар осылайша мұсылман жастарының бастарын айналдырып, өздерінің пасық пиғылына пайдаланады», - деді ол сөзін толықтырып.  

 

 

Дүйсенбі, 25 Қараша 2013 06:26

    Сионистер палестиналықтардың мүддесіне нұқсан келтіру мақсатында тек саяси қитұрқылықтарға барып, әскери операцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен бірге, діни мәселелер бойынша да қысымға алуға көшті. Әл-Құдыста өткен «Сабил» атты палестиналық христиандардың экумендік қорының конференциясында ғалымдардың көбісі осындай мәлімдеме жасады. Аталмыш қор Палестинаны азат етуге қатысты түйткілді мәселелермен Інжіл тағылымын ұштастыратын дінтанушы ғалымдардың басын қосатын іргелі ұйым болып табылады.

Палестиналық зерттеуші Иохан Катаначоның айтуынша, сионистер палестиналықтарға қарсы діни мәселелер бойынша да соққы беруге көшкен. «Киелі жазбаның бір ғана бұрыс түсіндірмесінің өзі жүздеген лаңкестің әрекетінен де жаман,- деп санайды ол. – Израилдіктер Інжілді өз саяси мақсаттарына пайдаланып бағуда. Олар палестиналықтарды Көне өсиетте сөз болатын, ежелгі иудейлердің бітіспес жауы ханандықтар мен филистимдіктердің тікелей ұрпағы деп біледі». Өкінішке қарай, палестиналық арабтардың дені осы жердің қожасы екенін дәлелдеу үшін еврейлердің бұл тұзағына өздері барып түсіп жатыр. «Егер сіз атаңыздан немесе әжеңізден қалған үйге заңды мұрагер ретінде ие болсаңыз, осы жерде атам заманнан бері тұрып келе жатқаныңызды дәлелдеуді соншалықты қажет етпейді»,- деді ол ашына тіл қатып.

Осы жиында баяндама оқыған америкалық христиан ғалымы Гэри Бредж де Таяу Шығыста, ең алдымен Палестина мен Израиль жанжалында Інжіл сионистердің қаруына айналғанына өкініш білдірді. Сондай-ақ, ол «христиан сионистердің» барын тілге тиек етті. Израилдің жүргізіп отырған саясатын сөзсіз қолдайтын АҚШ-тағы христиан-протестанттар қозғалысының өкілдері Інжілде айтылған осынау Құдайдың үкімін орындауды парызымыз деп біледі.

«Шындап келгенде, олардың бұл әрекеті христиандардың дәстүрімен үш қайнаса сорпасы қосыылмайды. Алайда, АҚШ-тағы және Батыс елдеріндегі христиандардың дені осы жаңсақ ұғымның жетегінде жүр»,- деді ол сөзінің соңында.

 

 

Дүйсенбі, 25 Қараша 2013 05:40

Астана. 25 қараша. Baq.kz – Атырау қалалық соты араб тілінде жазылған 15 ақпараттық электрондық файлдарды экстремистік деп тану туралы шешім шығарды. Бұл туралы Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Нұржан Жангереев мәлімдеді, деп хабарлайды e-islam.kz.  

Оның айтуынша, аталмыш құжаттар 2012 жылы Атырауда ұсталған экстремистердің компьютерлерінен алынған көрінеді. Астанада арнайы сараптамадан өткізген мамандар олардың барлығында террорлықты насихаттайтын уағыздар мен жиһадқа шақыратын сөздер болғанын анықтаған.

Айта кеткен жөн, соңғы жылдары Атырау облысында діни экстремизм мен терроризмге қатысты бірнеше ірі іс қозғалып, ондаған адам сотталды. 2012 жылдың өзінде осындай айып тағылған 47 адам ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған болатын. Ал биыл 20 мен 38 жас арасындағы тағы да сегіз азамат сотталса, қазан айында 16-33 жас аралығындағы тоғыз азамат сот шешімімен әртүрлі мерзімге абақтыға жабылды. 

 

 

Жұма, 22 Қараша 2013 12:18

2013 жылдың қарашасында әскери прокуратура, әскери полиция, әскери бөлім және Ақтөбе гарнизоны идеологтарының арасында «Әскери бөлімшелерде діни  экстремизм мен терроризмнің алдын алу» мәселелері бойынша  дәріс ұйымдастырылды.

Мақсат насихатты әскери бөлімінің  жиналысқа қатысқан қызметкерлеріне терең таныстыру көзделген болатын.

Дәрісті Ақтөбе Дін істер басқармасының басшысы Б.Есмахан бастады. Елімізде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер жайында толық мәлімет беріп, еліміз егемендік алғалы бері әртүрлі діни секталар қаптап кеткендігі және олар елімізге пайда әкелмейтінін ескертіп керісінше ата-бабамыз ұстанып келе жатқан Ислам дінімізді, сонымен қоса Елбасымыздың дін туралы шыққан жаңа заңның баптарын баяндап өтті.

Сонымен қатар, «Аңсар» кеңес беру және оңалту орталығының директоры А.Сабдин болса Ислам дінінің жақсы жақтарын айтып, араб тілінде «ислам» сөз түбірі «саламун» сөзінен алынғандығы саламун сөзінің мағынасы тыныштық, бейбітшілік деген мағынаны білдіретінін яғни ислам діні бейбітшілікке, тыныштыққа, елдің бірлігіне бағыттайтын дін екенін сонымен қоса діни экстремизм деп екеуін бір ұғыммен атауыда бір біріне жанаспайды себебі дін бөлек ұғым ал экстремизм бөлек ұғым дінде ешқашан біреуге қианат жасауға, кісінің қанын төгуге бұйырмайды, экстремизмдік топтар кісінің қанын төгіп, жарылыс ұйымдастыруға әрекет етуге итермелейтіне тоқталды.

Және А.Тыныштықов болса Қазақстан Республикасында діни экстремизмді ескертудің, алдын-алудың, жолын кесудің, болдырмаудың қажетті іс-шарасы ретінде мысалдар келтіре отырып, көшеде діни сараптамадан өтпеген кітаптарды оқымауға, ғаламтордан дұрыс ақпарат берілмейтінін еске салуды өтінді.

 

 

 

Бейсенбі, 21 Қараша 2013 12:10

Бүгінгі таңда діни  экстремизм бүкіл адамзат қауымының басты мәселесіне  айналып отыр.  Бұл  жат ағымның  жетегінде кетушілердің басым көпшілігі - жастар. Ал, жастарымыз ел болашағы саналатындықтан олардың тағдырына  бей-жай қарау мүмкін емес.

Жуырда соған байланысты Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе педагогикалық колледжінде тарих пәнінің оқытушысы Е.Оспанов ұйымдастыруымен «Діни лаңкестік және оның алдын алу жолдары» атты  кездесу өткізілді.

Осы колледжде өткен  басқосуға Дін істері басқармасының жетекші маманы А.Жұбаназаров, «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының жетекші мамандары А. Тыныштықов және И.Жайлыбаева қатысты. 

Дін істері басқармасының жетекші маманы А.Жұбаназаров жиынды  кіріспе  сөзбен ашып,  дін  мен  ұлттық  сана  турасында  ойын  ортаға  салды.

«Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының жетекші маманы А. Тыныштықов жиында діни экстремизмнің бүгінгі бет-бейнесі туралы, өмірімізде белең алып отырған жайттар турасында айтып өтті. Кездесуде осы  мәселе турасында  қандай  алдын алу  шаралары қолға  алынып жатқандығы жайында сөз қозғады. Ең  бастысы, білім арқылы діни сауаттылығымызды көтеруіміз қажет. Діни сауатсыздықтың кесірінен жастарымыз түрлі діни  секталардың арбауына түсіп  қалатындары  жасырын  емес. Сондай-ақ, осы экстремизм мен терроризмнің дін сөзімен еш қатысы жоқтығы, алайда, діннің атын жамылып, теріс пиғылды адамдар өз мақсаттарына жету үшін жастарды  пайдаланып, іштей іріткі  салатындығы еске салды.

Кездесу соңында қатысушылардың қойған сұрақтарына мамандар жауап беріп, алдын алу мақсатында бүктемелер таратты.

 

 

«Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

Жұма, 15 Қараша 2013 06:00

Ақтөбе өңірі бойынша діни мәселелерге байланысты басқосулар өз жалғасын тауып келеді. Ақпараттық-насихат тобының мүшелерімен болған кезекті отырысты Ақтөбе облыстық «Руханият» мұражайының ғылыми қызметкерлері мен әдіскерлері  «Дәстүрден тыс діни ағымдар мен экстремизм» тақырыбында ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шараға студенттер мен мектеп оқушылары шақырылып, мамандар ретінде «Аңсар» кеңес беру және оңалту орталығының дінтанушысы, Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының өкілі, «Ақтөбе» қайырымдылық қорының ұстазы мен «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының теологы тартылды.

Шара барысында мұражай қызметкерлерінің дайындаған дәстүрлі емес діни ағымдардың шығу тарихы туралы мәлімет беретін слайды көрсетіліп, олардан сақтанудың жолдары қаперге салынды. Кездесу барысында арнайы шақырылған мамандарға білім алушылар тарапынан сауалдар қойылды. Олар өз кезегінде еліміздегі діни ахуал жайында мағлұмат беріп, заңсыз әрекет қылып жүрген жат ұйымдардан аулақ болуға кеңес беріп, сұрақтарына кең көлемде жауап берді.  

 

Жиын соңында  «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының  мамандары әзірлеген ақпараттық-танымдық бүктемелер, орталықта дайындалған қойың дәптер,  www.zharyk.kzсайты мен 24-40-70 сенім телефон нөмері көрсетілген қаламдар үйлестірілді.  Сонымен бірге басқосуға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Бейсенбі, 14 Қараша 2013 04:08

Халық «Баланы бастан» деп бекер айтпаған, түрлі отырыстарда, бас қосуларда сіңірген еңбегін, мінез-құлқын өнеге етіп отырған. Әңгіме, сөздерінің арасында жаманнан жирендіріп, жақсыға жақындатып отырған.

Дін – аса нәзік. Сондықтан оған барынша байыппен қарап, салмақты да, салауатты, бір-бірінен алыстататын емес, керісінше жақындататын өзара түсіністік пен құрмет тұту сезімінде болуға үндейді. Барлық уақытта баршамыздан осыны талап етеді. Қазіргі таңда қоғамымызда жастар арасында дін жөнінде көптеген қараңғылық пікір қалыптасып, адасушылық жағдайлар орын алуда. Осыған орай, көлік, коммуникациялар және жаңа технология колледжінде «Жастар арасындағы дін мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге  «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының жетекші мамандары, Нұр-Ғасыр мешітінің өкілі, сондай-ақ  колледж ұстаздарымен білім алушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында  дін таңдауда тура жол таңдап, адаспауларына бағыт-бағдар беріп, насихаттау. Оқушы жастар арасында діни экстремизм, терроризм сияқты кертартпа ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру.

Белгіленген тақырып бойынша «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының жетекші маманы А.Тыныштықов исламның құндылықтарын түсіндіре келе, лаңкестік әрекеттерді, асыл дініміз исламмен байланыстыру, үлкен қателік. Яғни, исламды лаңкестікпен қатар қою асыл дінімізге күйе жағумен тең. Ислам – күллі әлемге бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген хақ дін екенін жастарға түсіндірді. Сонымен қатар, жалдамалы пәтерлерде сабақ беріп жүргендердің қауіптілігіне де тоқталып өтті. Кездесу диалог ретінде болғандықтан жастардың көкейде жүрген діни сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.

Кездесу соңында әдеттегідей орталықтың ақпараттық-таңымдық бүктемелері таратылды.  

 

 

Дүйсенбі, 23 Қыркүйек 2013 11:52

   Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі мен «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығы Ақтөбе облысы аумағында ақпараттық-насихаттау тобының мүшелерімен халықтың діни сауаттылығын арттыру мен жетілдіру және жастарды діни экстремизм мен терроризм идеяларынан сақтандыруға бағытталған бірнеше кездесулер мен басқосуларды ұйымдастыруда.

  Осындай ниетпен Ақтөбе гуманитарлық колледжі мен Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде «Студенттерді діни идеялардан қорғау» атты тақырыпта кездесу болды. Жаңа оқу жылын бастаған білім алушыларды жат пиғылды ағымдардан арашалау мақсатында мұндай іс-шаралар жыл бойына өткізіле бермек.

  Шараларға жоғарыда аты аталып өткен оқу орындарының мұғалімдері мен психологтар қатысты. Кездесудің негізгі қонағы ретінде «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының дінтанушысы Асланбек Тыныштықов пен облыстық дін істері басқармасының жетекші маманы Асқар Жұбаназар шақырылды.

 

«Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының баспасөз қызметі

Page 1 of 36