29 Наурыз 2024

Інжіл арқылы іріткі салуда

Rate this item
(0 votes)

    Сионистер палестиналықтардың мүддесіне нұқсан келтіру мақсатында тек саяси қитұрқылықтарға барып, әскери операцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен бірге, діни мәселелер бойынша да қысымға алуға көшті. Әл-Құдыста өткен «Сабил» атты палестиналық христиандардың экумендік қорының конференциясында ғалымдардың көбісі осындай мәлімдеме жасады. Аталмыш қор Палестинаны азат етуге қатысты түйткілді мәселелермен Інжіл тағылымын ұштастыратын дінтанушы ғалымдардың басын қосатын іргелі ұйым болып табылады.

Палестиналық зерттеуші Иохан Катаначоның айтуынша, сионистер палестиналықтарға қарсы діни мәселелер бойынша да соққы беруге көшкен. «Киелі жазбаның бір ғана бұрыс түсіндірмесінің өзі жүздеген лаңкестің әрекетінен де жаман,- деп санайды ол. – Израилдіктер Інжілді өз саяси мақсаттарына пайдаланып бағуда. Олар палестиналықтарды Көне өсиетте сөз болатын, ежелгі иудейлердің бітіспес жауы ханандықтар мен филистимдіктердің тікелей ұрпағы деп біледі». Өкінішке қарай, палестиналық арабтардың дені осы жердің қожасы екенін дәлелдеу үшін еврейлердің бұл тұзағына өздері барып түсіп жатыр. «Егер сіз атаңыздан немесе әжеңізден қалған үйге заңды мұрагер ретінде ие болсаңыз, осы жерде атам заманнан бері тұрып келе жатқаныңызды дәлелдеуді соншалықты қажет етпейді»,- деді ол ашына тіл қатып.

Осы жиында баяндама оқыған америкалық христиан ғалымы Гэри Бредж де Таяу Шығыста, ең алдымен Палестина мен Израиль жанжалында Інжіл сионистердің қаруына айналғанына өкініш білдірді. Сондай-ақ, ол «христиан сионистердің» барын тілге тиек етті. Израилдің жүргізіп отырған саясатын сөзсіз қолдайтын АҚШ-тағы христиан-протестанттар қозғалысының өкілдері Інжілде айтылған осынау Құдайдың үкімін орындауды парызымыз деп біледі.

«Шындап келгенде, олардың бұл әрекеті христиандардың дәстүрімен үш қайнаса сорпасы қосыылмайды. Алайда, АҚШ-тағы және Батыс елдеріндегі христиандардың дені осы жаңсақ ұғымның жетегінде жүр»,- деді ол сөзінің соңында.

 

 

Read 2046 times