-
Атышулы исламға қарсы мазмұндағы «әлеуметтік» жарнама бастапқыда Нью-Йорктегі метрополитен станциясында пайда болды. Енді бұл Чикагодағы автобустарда байқалды. Ол мұсылман және иудея көшбасшыларының наразылығын тудырды.
«Бұл науқанның барлығы мұсылмандар күш көрсетуге бейім деген жалған идеяны көтереді», - дейді қала істері бойынша Иудеялық кеңестің бағдарлама директоры Асаф Бар-Тура. Бұл туралы Chicago Tribune хабарлайды.
Джихадты варварлыққа теңеген жарнамалық плакаттар чикаголық көлік ведомствосының автобустарында пайда болды.
«Өркениетті адам мен жабайы адамның арасындағы кез келген соғыста өркениетті адамға қолдау білдіріңіздер», - деп келтірілген плакаттардың бірінде.
«Копттарды қолдаңдар. Джихадты жеңіліске ұшыратамыз», - деп жазады өзге плкаттағы жарнама авторлары. Олар Мысырдағы мұсылмандар мен копттардың арасындағы алауыздықты көрсетеді.
Жарнаманың демеушісі белгілі исламға қарсы қайраткер, израилдік қоғамдық ұйымның жетекшісі Памела Геллер болды.