20 Сәуір 2024

Меккені басқарған қазақ

Rate this item
(0 votes)

Абдуллаһ қажы Сарыұлы Әл-Бұқари - Қазақтың екінші Бейбарыс сұлтаны. Араб елінде Бейбарыс сұлтаннан кейін, Сауд елі патшасының оң қол уәзірлігіне және Мекке қаласының әкімі лауазымына дейін көтерілген, қасиетті Байтуллаһтың үстіне жамылған кілемді алмастыру бақытына ие болған қазақ, Сауд-Арабия еліне «Еңбегі сіңген генарал», министр дәрежелі әскери басшы. Сонымен бірге  түркі, қазақ жұртына танымал қажылардың қамқоры, Моңғолиядағы Баянөлгей орталық мешітін салдырған ұлтжанды азамат.

Абдуллаһтың өз есімі - Шәкен Сарыұлы. 1927 жылы Қытайдағы өр Алтайдың Шіңгіл ауданында туған, Орта жүз Керей ішіндегі Сарбас руынан. 1940-жылы қазақты қынадай қырған дұңған Мафуфаңның талауына түсіп, 13 жасында туған елінен айырылып, саудагер ұйғырға сатылып кеткен. 1941 жылы сол ұйғырмен бірге Сауд-Арабияға барып, сонда қалған. Міне, осылайша Бейбарыстың тағдырын қайталаған тағы бір алып тұлға өмірге келді.

Әкесі Сары атасы  Үрзікенің қол астында  балуан, батыр, өжет мінезді, елпек болып, ағасы Буратайдың ел басқаруындағы бас қолғанатына айналған. Әкесі Сары Үрзікеұлы, кең иықты, қапсағай денелі, Буратай ауылының 500 жылқысын шырғасын шығармай қайыратын мықты палуан екен.

Анасы Зәуке - Керей, Жәнтекей ішінде  Тасбике, атақты Әліп батырдың немере туысы Құсайын Тәйжінің қызы.  Қоңқақ мұрын, сарғыш келген, биік бойлы, қайратты да мығым әйел болған. Жастайынан еркекше киініп, жылқы баққан екен.

Әйелі Замзия - араб қызы.

Ұлдары: Байсал, Адынан, Әділ. Қыздары: Нәдия, Әбдісәм, Сәмия, Әриш.

Бұрынғы әйелінен туған бір қызы болған, есімі белгісіз.

 Шәкен Сарыұлы 1941 жылы асырап алған ұйғыр әкесімен бірге Сауд-Арабия еліне келген.  1942 жылдан бастап Мекке қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленген.

1946 жылы Мекке қаласындағы Мемлекеттік Әскери Университетке қабылданады. Шәкен оқу бітіргесін Мекке қаласында жол сақшысы болып істеген. Кейін Шекара Қорғаныс армиясында, Шекара Қорғанысының  есірткімен күрес бөлімінде маңызды қызметте болады. Екі рет мемлекет тарапынан марапатталған. Атап айтқанда, «Ерекше еңбегі үшін» марапаты мен «Мемлекетке еңбегі сіңірген генарал» атағы беріліп, Министр дәрежелі әскери қызметкерге айналады.  Өткен ғасырдың 70-жылдары Мекке қаласының әкімі міндетін 10 жылға таяу атқарғаннан кейін Сауд патшасының көмекшісі, уәзірі  қызметіне дейін көтерілген. 1992 жылы зейнетке шығып туған жері Баркөл Қазақ Автономиялы ауданына барып қайтты.

Өз өмірінде 39 мәрте қажылық еткен  Шәкен қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд-Арабияның Жидда қаласында 73 жасында дүниеден өтті.

Қазір біздің білетініміз: Шәкеннің 2 ұлы ұшқыш, бір ұлы Аднан Шәкенұлы Әл-Бұхари әкесінің жолын қуған жоғары лауазымды қызметте.

 Құдай қаласа алдағы уақытта,  Абдуллаһ қажы Сарыұлы Әл-Бұхари туралы ақпараттарды толықтырып, жинастырып немере апайы Оралханқызы Өпеннен туған жиені Қайрат Қайполлаұлының  нағашы атасы туралы жазылған өмірбаяндық сипатсөзі (очеркі) басқа сайттарда жарияланатын болады.  Қайрат Қайполланың ол шығармасында  1930-1980 жылдар аралығындағы Қытайдағы қазақ өмірі мен 1930-1950 жылдардағы зұлматты тағдырлары мен Шәкен қажының 13 жасқа дейінгі қазақы өмірі мен  одан кейінгі қазақсыз өмірі баяндалады.

Қайрат Қайполлаұлы (Германия),

Ахметұлы Бейсен (Астана)

Read 2367 times