29 Наурыз 2024

Елімізде тіркелген діни бірлестіктердің қаржылық қызметі халық үшін ашық болуы тиіс.

Rate this item
(0 votes)

Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан дінтанушыларының II форумында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Бірқатар діни бірлестіктер қызметінің қаржылық жағының ашықтығы күмән тудырады. Сондықтан діни ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметін заң талаптарына сай тәртіпке келтіру қажет», - деп атап өтті Лама Шариф.

Оның айтуынша, бұл мәселені зерттеу Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары Қазақстанға дін уағыздаушы шетелдіктердің ағылып келгенін көрсеткен. Оларға белгілі бір мүддені көздеген шетел азаматтары қомақты қаржылық қолдау жасаған.

«Шетелдік миссионерлердің басты мақсаты - өз қатарларына біздің азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жастарды тарту болды. Жастардың жаңаны білуге деген ынтасын пайдалана отырып, діни жетекшілер әр түрлі білім беру курстары мен материалдық игіліктерді ұсына отырып, олардың қызығушылығын оятуға тырысады», - деп толықтырды ол.

Елімізде діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі 2001 жылы қолданысқа енгізілген «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңмен реттеледі. Осы заңға сәйкес, діни бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

«Кейбір діни бірлестік жетекшілерінің халықтан түсетін қаржыны мақсатсыз жұмсайтынына да көңіл аудару керек. Өкінішке орай, кейбір адамдар үшін діни қызмет аз табыс әкелмейтін кәсіпке айналып отыр. Сондықтан ресми тіркелген діни бірлестіктердің қаржылық қызметтерін ашық жүргізгендері абзал. Бұл өз кезегінде халықтың оларға деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді», - деп тоқталды өз сөзінде агенттік төрағасы.

 

BNews.kz 

Read 1977 times Last modified on Сейсенбі, 04 Желтоқсан 2012 08:53